ШЫМКЕНТ: 33 кәсіпорын мен ұйымдарда шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бөлінді

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында еңбек ету үшін жұмыс берушіге рұқсат етілген 250 шетел азаматы тіркелген. Биыл 1-ші маусымдағы жағдай бойынша жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға 322 бірлік квота бөлінді. Оның негізінде қаладағы 33 кәсіпорын мен ұйымдарда 250 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен жұмыс істеуде.

Шетелдіктерге қала аумағында жұмыс істеуге рұқсат беру және жұмыс істеу мерзімін ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің 4 түрлі санаты белгіленеді. Атап айтқанда, бірінші санат – басшылар және олардың орынбасарлары (7 адам), екінші санат – құрылымдық бөлімшелердің басшылары (19 адам), үшінші санат – мамандар (214 адам), төртінші санат – білікті жұмысшылар (10 адам). Шетел жұмыс күшінің негізгі бөлігі – үшінші және төртінші санаттағылар.

Сондай-ақ, жұмыс берушілер шетел жұмыс күшін тартқаны үшін салық төлейді. Әр санат үшін өзінің бекітілген коэффициенті болады. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 58,8 млн теңге алым жергілікті бюджетке түсті.

Айта кетейік, аталған кәсіпорындарда жұмыс істейтін ҚР азаматтарының саны – 12 312. Жергілікті азаматтардың қамту көрсеткіші – 98,0 пайыз. Бұл ретте жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық берілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде шетел мамандарына деген сұраныс төмендемек.

ПІКІР ЖАЗУ