ШЫМКЕНТ: 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтуде
Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 21,9 шақырым 9 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Республика даңғылы бойында асфальт төселіп, жаяу жүргінші, веложол және арық, құбыр өткізу жұмыстары атқарылуда. Жауапты мердігер – «Корпорация Береке-А» ЖШС.
Сонымен қатар, 2021 жылы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Рысқұлов («Шымкент Дор Строй» ЖШС), Момышұлы («Омар-Транс» ЖШС), Тәшенов («Серік Бизнес Құрылыс» ЖШС) көшесінде орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Бұдан бөлек Иляев, Шаяхметов, Ақназар хан, Клара Цеткин магистралды көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Бәйтереков көшесінде «Профиленд» ЖШС тарапынан аяқжол және веложолақ салу жұмыстары атқарылуда.
Автомобиль жолын қайта құрудың І кезеңі бойынша 2021 жылға дейін 1,0 млрд. теңге игерілген. Бүгінге дейін жер жұмыстары, жол негіздерін төсеу, жол жамылғысын салу, кәріз жүйесін ауыстыру, аяқжол салу, жарықшам бағаналарын, арық жүйелерін орнату жұмыстары орындалды.
Құрылыстың ІІ кезеңі бойынша биыл 164,8 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда жер, жол негіздерін салу жұмыстары атқарылды.
Ал ІІІ кезең бойынша осы жылға 220 млн. теңге қарастырылып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Аталған кезеңде мемлекеттік мұқтаждыққа 90 учаске алынуы қажет.