ШЫМКЕНТ: 20 өтінім тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес келу арқылы мақұлданды
Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына жалпы саны 319 өтінім келіп түсті. Азаматтар тарапынан жіберілген өтінімдер қарауға алынған соң, 3 жұмыс күні ішінде азаматтардың егов электрондық порталындағы жеке кабинетіне өтінімнің нәтижесі жолдануда.
Қазіргі таңда 51 азамат өз өтінімін қайтарып алса, 218 азамат тұрғын үй сертификатын алудың талаптарына сәйкес келмегендіктен бас тартылған. 20 өтінім тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес келу арқылы мақұлданса, 30 өтінім қаралымда. Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдайтын интернет портал тәулік бойы ашық болады.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша тұрғын үй алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылатын әлеуметтік көмек ретінде беріледі.
Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.