Шымкент 1-қарашада жылумен толық қамтылады
Мегаполисте жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Дегенмен, әлі де қаладағы тұрғын үйлер толық жылумен қамтыла қойған жоқ. Шаһарға жылу қашан толықтай беріледі?
Қарашаның біріне дейін Шымкент толықтай жылумен қамтылады. Жауапты басқарма өкілдері осылай деді. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес мегаполисте 21 қазаннан бастап жылу беріле бастаған. Алдымен әлеуметтік нысандар жылу желісіне қосылып, содан кейін ғана тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жылумен қамтылмақ.
Ерболат Мамырхан, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Жылу бірінші кезекте балабақша, аурухана мен мектептерге беріліп жатыр. Және спорт мекемелеріне. Содан соң көпқабатты тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен 1 қарашаға дейін беріледі. Қалада қатты отынды, яғни көмірді пайдаланатын мекемелер бар. Сондай мекемелермен де 100 пайыз келісімшарт жасалып, отынмен қамтамасыз етілген. Көмір қорымен ешқандай проблема жоқ»
Жылыту маусымы бастала салысымен тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің саны артатыны жасырын емес. Төтеншеліктер олардың басым бөлігі жылыту жүйелері мен қондырғыларын дұрыс пайдаланбаудан дейді. Сондықтан да, мамандар үй-үйді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын түсіндірді.
Ақмырза Бабаш, Еңбекші ауданы ТЖБ аға инженері: «Қазіргі таңда көп тұрғындар заправкада газ баллондарын толтырып жатады. Оны негізі арнайы ұйымдарда басын дұрыс тазалау арқылы толтыру керек. Арнайы келісімшарттары болуы керек, міндетті түрде. Сосын ауа шығаратын қондырғы да орналастырып, газ сигнализаторларын да қойғаны дұрыс»
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осал топтағы азаматтардың үйіне газ сигнализаторларын орнатты. Олар улы газ датчиктерін орнату — қыс мезгіліндегі қайғылы жағдайдың алдын алу тәсілдерінің бірі екенін айтып отыр.
Ысқақ Айдарбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге жаңағы аппаратын қойып беріп жатыр, газ шыққан кезде иіс сезіп, сигнал беретін. Ауа жүретін жолды тазалап, тексеріп беріп жатыр. Рақмет айтамын. Мұндай шараны көбірек ұйымдастырып тұрса деймін»
Айта кетейік, бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің 73 пайызы жылумен қамтылған. Ал, бюджеттік мекемелердің 90 пайызға жуығына жылу берілген.