Шу ауылының 60 жылдық мерейтойы тойланды

Бүгін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауылының 60 жылдық мерейтойы өтіп, ән думанға оранды.
Шу ауылының орталық алаңында Отан соғысына қатысушы ардагерлер есімі жазылған және батыр аналар тақтайшасының лентасы қиылды. Мерейтойға арнайы қатысқан аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
– Қойнауы қазынаға толы, тарихы терең киелі Созақ ауданының іргелі ауылдарының бірі Шу ауыл округі. Өзіндік қалыптасқан тарихы бар Шу ауылы биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүгінде еліміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген ғалымдар Түктібай Тасмағанбетов, Сәуле Мұсаева қазақ ән өнерінің жұлдыздары Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жәнәбіловты дүниеге әкелген құтты мекен. Береке бірлігі жарасқан ауыл Тәуелсіздік жылдары да дамып, мұнда көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Жаңа мектеп, балабақша, имандылық ордасы мешіт пен тақтайдай тегіс жолдар, көшені жарықтандыру. Міне, мұның бәрі егемендік алғалы халық игілігіне берілген дүниелер. Ауылды бойлай өтетін Шу өзенін жергілікті халық тиімді пайдаланып отыр. Өзен бойынан қыстық мал азығын жинап, жазда өріс қылып, ата-бабадан қалған мал шаруашылығын дамытып келеді. Алдағы уақытта да ширек ғасырдан астам тарихы бар Шу ауылы, ауданның дамуына үлкен үлес қоса береді,-деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.
Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев, Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов та ауыл тұрғындарына деген ыстық ықыласын білдірді. Ауылдың дамуына еңбек сіңірген ардагерлер мен азаматтарға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты табыс етілді. Шу ауылының тумасы меценат Әлжанов Ерғали Төлегенұлына ауылдастары ардақтап ат мінгізді.
Мерейтойға келген қонақтар күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген «Борсабай» мешітінде жұма намазын оқыды.
Салтанатты шарада әр өңірден жиналған, күші мен әдіс-амалы айрықша, есімдері елге етене таныс қазақ палуандары жиналып, бірнеше салмақ дәрежесі бойынша қазақ күресінен түйе палуан, қошқар, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен күш сынасты.
Қазақша күрестен түйе палуандық жарыста тараздық Мергенбай Бақберген түйе палуан атанып, жүлдеге тігілген өгізді алды. Екінші орынды Созақ ауданының палуаны Досыбаев Даулет иеленіп, қошқарды қанжығаға байлады. Гір тасын көтеруден Қобыланды Орынбасар бас жүлдені иеленді. Қошқар көтеруден арыстық Азамат Мақұлбеков бас жүлдені алды. Сондай-ақ ат бәйге, көкпар сынды дүбірлі дода өтіп, ұлттық спорт ұлықталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталды.
Шу ауылының 60 жылдық мерейтойы қазақ эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Туған ауылына әннен тарту жасаған Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбілов, Жұбаныш Жексенұлы сонымен қатар, Заттыбек Көпбосынұлы, Марат Имашев, Наркенже Серікбаева, Ернар Айдар, Диета KZ сынды әншілер мереке көркін кіргізді.

ПІКІР ЖАЗУ