Штаб мүшелері АЭС тақырыбын энергетиктермен талқылады
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері «Бозарық» қосалқы станциясының жұмысшыларымен кездесу өткізді.
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері «Бозарық» қосалқы станциясының жұмысшыларымен кездесу өткізді. Бұл шараның мақсаты – АЭС құрылысына қатысты халықты ақпараттандыру және 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумға азаматтарды белсенді қатысуға шақыру. Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков, “Amanat” партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, Бауыржан Әлтеев Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы және бірқатар қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Кездесу барысында мәжіліс депутаты Данабек Исабеков атом электр станциясының ел экономикасына тигізер оң әсері туралы айтты.
Ол өз сөзінде: «Электр энергиясы – экономиканың қозғаушы күші. Әлемнің дамыған елдері бұл мәселені шешу үшін белсенді әрекет етуде. Қазіргі таңда әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор жұмыс істеп тұр, оның ішінде АҚШ-та – 94, Францияда – 56, Жапонияда – 12 және Ресейде – 36 реактор бар. Біз де бұл қадамды дұрыс түсініп, қолдауымыз керек», – деді. Мұрат Жолдыхожаев өз кезегінде АЭС жобасына қатысты қоғамда қарама-қайшы пікірлердің бар екенін ескеріп, жаңа технологиялардың артықшылықтарын атап өтті. Ол: «Бұрынғы және қазіргі технологияларды салыстыру мүмкін емес. Сіздер бұл саланы жақсы білесіздер. АЭС құрылысы ІІІ+ буын технологиясымен жүзеге асады, бұл экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тұрақты энергия көзі», – деді.
Кездесу соңында азаматтар АЭС жобасын қолдайтындарын және алдағы референдумға белсенді қатысатындарын білдірді. Жұмысшылар үшін электр энергиясы мен оның экономикаға әсері маңызды болғандықтан, олар АЭС салудың ел болашағы үшін маңызы зор деп санайды.