Шетелдіктердің Қазақстан жайлы пікірі қандай

 Шетелдік журналистер Қазақстан туралы не біледі? Олардың еліміз жайлы пікірі қандай? Астана саммитіне келген журналистерден сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Германияның Берлин қаласындағы әйгілі Belena басылымының редакторы Рамон Шак Қазақстан атақты туристік орындардың бірі екенін айтып, алдағы уақытта Көшпенділер ойынына келуге ниетті екенін жеткізді.

Көшпенділер ойындары туралы естуім бар. Мүмкін келіп қатысып қалармын. Жалпы Қазақстан – көшпелі өмір салтымен танымал мемлекет. Біз мұндай іс-шараларды насихаттауымыз керек. Өйткені әлемнің барлық көшпелі халқына бір-бірінің мәдениетімен, мұрасымен, дәстүрімен танысу маңызды, – деп айтты ол.

Шетелдік журналистің сөзінше, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Германиядан да спортшылар келіп қатысуы мүмкін.

Садақ ату – өте қызықты спорт түрі. Мен үшін бұл ерекше, өйткені ол эстетикалық спорт түрі деп ойлаймын. Қазақстанды дамытуға және танытуға септігін тигізетін осы тамаша оқиғаны көру бақытына ие боламын деп сенемін. Өйткені Қазақстан атақты туристік орындардың бірі, – деді Рамон Шак.

Германиялық БАҚ өкілі өз елінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жайлы отандастарын хабардар ететінін жеткізді. Ол қазақ тілінде “сәлеметсіз бе?”, “рақмет” деген сөздерді жаттап үлгергенін қоса кетті.

Сонымен қатар “Жэньминь жибао” газетінің тілшісі Се Яхун да еліміз жайлы пікірін айтты.

Мен Қазақстанда 2 жылдай жұмыс істегенмін. Маған Қазақстан өте ұнайды. Тұрғындар өте қонақжай және табиғат та әдемі. Соңғы рет елде 2017 жылы болған едім. Осы уақыт аралығында өте биік ғимараттар салынып, құлпыра түсіпті. Мен де бұл өзгерістерге өте қуаныштымын, – деді қытайлық журналист.

Се Яхун қазақ тілінде “көп-көп рақмет”, “Қытай мен Қазақстан арасындағы достық мәңгілік болсын” деп тіледі.

Еске сала кетейік, ШЫҰ мүше елдердің басшылары кеңесінің 24-інші отырысына 700 шетелдік БАҚ өкілі тіркелсе, 200-дей отандық БАҚ өкілі аккредитациядан өткен. Саммитте елордада 3 медиа орталық жұмыс істеді.

ПІКІР ЖАЗУ