Шерзат Полаттың өлімі: Сот отырысының күні мен орны белгілі болды

16 жастағы Шерзат Полаттың (Болат) өліміне қатысты ашық сот отырысы Талдықорған қаласында өтеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс бойынша алдын ала тыңдау 2025 жылы 10 сәуір 12:00-де Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Қаблиса жырау көшесінде өтеді. Ашық сот отырысын өткізу №65 мекенжайында орналасқан Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында тағайындалды, – дейді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жасөспірім қатыгездікпен өлтірілді. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген кезде агрессивті сатып алушымен жанжал басталған. Сатып алушы таныстарына хабарласып, олар келіп, Шерзатты, оның әкесін және ағасын пышақ және мылтық қолданып, соққыға жыққан.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл істі бақылауға алды. Талғарға ІІМ-нің арнайы тобы жіберілдіАлматы облыстық прокуратурасының мәліметінше, қылмысқа күдікті 10 адам ұсталып, сот оларды екі айға қамауға алды.

Шерзат Болаттың отбасына күзет қамтамасыз етілді. Кейінірек Шерзат Болаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті. Бас прокуратура үйді өртегендерді табуға уәде берді. 9 желтоқсанда Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған және хат қалдырған. 11 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамауға алынды.

Бұған дейін интернетте “Қамажай” дүкенінде болған жанжалдың видеосы таралған еді. Бейнежазбалар дүкеннің ішіндегі және сыртындағы бақылау камераларынан түсірілген.

ПІКІР ЖАЗУ