Шерзат Болаттың ісі біздің назарымызда – облыс әкімі

 Бұл туралы Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясында айтылды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. БАҚ өкілдері “Шерзат Болатпен оның қайтыс болған ағасының ісі қалай қаралып жатыр? Халық марқұмның отбасына көмек көрсетілмеді деп айтып жүр” деген сауалына облыс әкімі жауап берді.

Ол жанұяға біз қайғыра көңіл айтамыз. Бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмыстарын атқарып жатыр. Қазіргі таңда бұл жағдай министрдің және бас прокурордың жеке бақылауында. Сол себептен сабырлық сақтап, құқық қорғау органдарының берген мәліметтеріне көңіл бөліп, сену керек. Себебі олар ашық жұмыс істеп жатыр, – деді өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев. Облыс әкіміне журналистер “Полиция Шерзаттың отбасын қорғауға алса да ағасы қайтыс болды, Бақыт есімді туысы елден неге шығарылды? Талғар ауданының тұрғындары ауданның қауіпті екенін криминалдық топтың барын айтып жатыр” деген сауал қойды.

Құқық қорғау органдары бұл іспен айналысып жатыр. Қабылданған шешімдер заң аясында жүргізіліп жатыр деп айта аламын. Марқұмның туысы неліктен Қазақстанан шығарылғанына келер болсақ, мендегі ақпаратқа сәйкес азаматтығы жоқ болған. Ал Талғар ауданына келер болсақ, экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатыр. Ал криминалдық топтардың барына келер болсақ, құқық қорғау органдары қылмыстық топтың тіркелмегенін, ондай топтың жоқ екендігін анықтады, – деді Марат Сұлтанғазиев.

ПІКІР ЖАЗУ