Шаян газеті редакциясының жаңа ғимаратының лентасы қиылды
Биыл аудандағы «Шаян» тәуелсіз апталық газетіне 20 жыл толып отыр. Газеттің алғашқы саны 2003 жылдың 30 сәуірінде «Шаян елі – шежірелі өлке. Әулиелі жер» деген ұранмен жарық көрген болатын. Жиырма жыл ішінде еліміздің, оның ішінде ауданымыздың қол жеткізген елеулі жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың жарқын көрсеткіштері «Шаян» газетінде жан-жақты көрінумен келеді. Газеттің негізін қалаған Абзал Әлішерұлы беріге дейін аталған газетке редакторлық етті. Қазіргі таңда оқырмандар арасында тұрақты орнын қалыптастырған «Шаян» тәуелсіз газетіне жас журналист Ұлан Абзалұлы басшылық жасап келеді.
Бүгін 20 жылдық тарихы бар «Шаян» тәуелсіз апталық газеті жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Салтанатты түрде редакция ғимаратының лентасы қиылып, қуаныштарымен бөлісуге келген қонақтар жаңа нысанның ішін аралады.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Тұрлыбеков басылымның негізін қалаған Абзал Әлішерұлы мен қазіргі уақытта редакторлық етіп отырған Ұлан Абзалұлына және газет ұжымына 20 жылдық мерейтой қарсаңында шығармашылық табыс тілеп, облыс, аудан басшалырының құттықтау хатын табыс етті.