Шатыры опырылған түнгі клуб: “Тірі қалған адам жоқ”

 Доминикан Республикасындағы аты аңызға айналған түнгі клубтың шатыры опырылып түсіп, 184 адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі AP басылымына сілтеме жасап.

Santo Domingo қаласында болған бұл апатқа байланысты құтқару топтары бейсенбі күні Jet Set түнгі клубының үйінділерін тазартуды жалғастырды. Алайда тірі қалғандарды табуға деген үміт күн өткен сайын сөніп барады.

Jet Set клубында болған қайғылы оқиға кезінде 200-ден астам адам зардап шеккен. Қазір ауруханада әлі де ондаған адам ем қабылдап жатыр, оның сегізі ауыр халде. Денсаулық сақтау министрі Виктор Аталланың айтуынша, ауыр жарақат алғандардың өмірін сақтап қалу қиын.

Егер жарақат тым ауыр болса, бізде көп уақыт жоқ, – деді ол.

Дәрігерлердің мәліметінше, жарақаттардың ішінде бас сүйек, жамбас және ортан жіліктің сынуы жиі кездескен – бұл бетон плиталарының адамдардың үстіне құлауынан болған. Апат кезінде клубта меренге концерті өтіп жатқан, залда музыканттар, спортшылар мен мемлекеттік шенеуніктер де болған.

Оқиға сейсенбі күні таңға жуық басталған. Алдымен адамдардың сусындарына шаң түсіп, төбеден бірдеңе үгіліп жатқанын байқаған. Арада бірнеше минут өткенде шатыр опырылып, бүтін бір төбе адамдарды басып қалған.

Доминикан билігі қазір апатты жою және мәйіттерді іздеу кезеңіне көшкенін мәлімдеді. Алайда Төтенше жағдайлар орталығының басшысы Хуан Мануэль Мендес:

Біз әлі де тірі қалғандарды іздеуді тоқтатпаймыз. Ешкімді ұмытпаймыз. Жұмыс жалғасады, – деп атап өтті.

Бұл трагедия Доминикан қоғамын дүр сілкіндіріп отыр. Аман қалғандар мен туыстарын іздеген ондаған адам ауруханалар мен сот-медициналық орталықтарды шарлап, нақты жауап ала алмай шаршағандарын айтып жүр.

Бұған дейін Доминикан Республикасындағы түнгі клубтың төбесі құлап, қаза тапқандар саны 124-ке жеткенін жаздық.

ПІКІР ЖАЗУ