Шардарада биыл 35 шақырымға жуық көше жөндеуден өтеді

2025 жылы Шардара ауданында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 603,06 шақырымды құрайды. Оның ішінде 165 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 58,23 шақырымы аудандық маңызға ие. Сондай-ақ, 379,83 шақырымы елді мекен көшелері мен ішкі шаруашылық жолдары.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 528,2 млн теңге бөлініп, ұзындығы 12,6 шақырымды құрайтын 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды «Строительная компания Строймонтаж» ЖШС атқарса, техникалық қадағалаушы – «Bereke Ekspert» ЖШС. Қазіргі таңда нысандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық аудандық жол орташа жөндеуден өткізілмек. Нысан 2026 жылға өтпелі. Сондай-ақ, ұзындығы 9,4 шақырымды құрайтын Шардара қаласындағы 12 көшеге орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан – 2026 жылға өтпелі. Бұдан өзге, қаладағы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын №26 көше мен демалыс аймағына баратын жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың мамыр айында жолаушылар көлігін жаңарту толығымен жүзеге асырылды. Ескі 13 автокөлік 2025 жылғы «Газель» маркалы шағын автобустармен толық ауыстырылды. Қоғамдық көлікті жаңарту 100 пайыз орындалған. Шардара ауданында көлік және жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және өңірлік дамуға серпін беруге бағытталады.