Шардарада әскер қатарына шақыру басталды
Шардара қаласында жасөспірімдерді қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери есебіне тіркеу жұмыстары басталды. Дәстүрлі шара наурыз айының аяғына дейін жалғасып, тізімге 2005-ші жылы туған жасөспірімдер енгізіледі.
Әскери есепке тіркеу науқанына 17 жастағы яғни, қазіргі күні мектеп оқушылары немесе колледж-лицей студенттері қатысады. Олар Қазақстанның қарулы күштерінің қатарын толықтыру үшін алдын ала осындай әскери іс-шарадан өтуге міндетті.
Болашақ сарбаздарға қойылатын талап өте жоғары. Әскерге алыну үшін олар сан түрлі сынақтан өтеді. Медициналық тексеруде денсаулық жарамдылығы қаралып, психологиялық жағдайы мен физикалық қауқары да бағамдалады. Білімі де басты назарда. Себебі, қазір қарулы күштерде түрлі әскери тың техникалар бар. Олардың тілін тек білімді сарбаздар ғана меңгереді. Әскери есепке тіркеуге алынатын бозбалаларды осындай қатаң бақылау күтіп тұр. Тағы бір маңыздысы егер есепке енген жастар санатында әскери қызметті таңдаймын дейтіндер болса, таңдауын қанағаттандыратын мүмкіндік те мол.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Шардара ауданы бойынша 2005 жылы туылған, тіркелуге тиіс жастардың саны – 644 болса, бүгінде медициналық тексеруден 63 жасөспірім өтіп үлгерді.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі