Шардара: Республика күні салтанатты түрде аталып өтті

Ауданда 25-қазан Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Жиын басында ҚР мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Сапаров қатысып, тұрғындары мен қонақтарды Республика күні мерекесімен құттықтады.

—Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Республика күні Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні, яғни 1990 жылғы 25 қазан күнімен байланысты. Бұл Декларацияның айрықша рөлі – Қазақстан алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ болашағының пайымдауы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялануында болып отыр.

2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» – атап өткен болатын.

2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды.

Саяси үдерістер мен жаңа кезеңге бет алған Қазақстанның келешегі ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр.

Құрметті жерлестер!

Республика күні келешекке бағыт алған Жаңа Қазақстан үшін маңызды күн. Біз еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз.- деді Н.Нартайұлы.

Құттықтау сөзден соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің атыган мерекелік Алғыс хаттар табыстады.

Шара барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, мерекелік жиынның көркін қыздырды.

ПІКІР ЖАЗУ