Шардара ауданына жаңа әкім сайланды
Елімізде алғаш рет пилоттық режимде өткен аудан әкімдері сайлауының Шардара ауданы бойынша қорытындысымен Шардара ауданының әкімі болып Қарсыбаев Арман Романұлы сайланды. Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Қайрат Жолдыбайға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан активіне жаңа басшыны таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген міндеттерді іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Аудан экономикасын дамыту бағытында жаңа өндіріс орнын ашу, инвестиция тарту, халықпен тығыз жұмыс жасау, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға басымдық беруді міндеттеді.
– Қазіргі заман талабына сай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қоюда. Оның бастысы – тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс атқару. Шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту. Сапалы ауыз сумен қамту. Білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Жаңа жылдан бастап білім саласын басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер негізінде аудан, қалалардың әкімдіктеріне мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-экономикалық қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Барлық резервтерді ескере отырып, ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Аудан экономикасына инвестициялар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Басты мақсат – ауданды дамытып, елге жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз әрі таза болуы қажет. Жаңадан сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары және аудан активімен бірлесе отырып, осы мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырамын. Шардара – елімізде балық шаруашылығы дамыған бірден-бір аудан. «Шардара» су қоймасы – еліміз үшін стратегиялық нысан. Ауданның потенциалы жоғары. Сізден тың идеялар, жаңа бастамалар күтеміз – деді Дархан Сатыбалды.
Арман Қарсыбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Шымкент әлеуметтік педогогикалық университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009 жылы Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Шардара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып бастаған. 2006-2018 жылдар аралығында Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, 2018-2020 жылдар аралығында Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметінде болды. 2021-2023 жылдар аралығында Шардара аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келді.
Өз кезегінде жаңа әкім Арман Қарсыбаев сенім артқан жергілікті тұрғындар мен облыс басшысына алғысын айтып, ауданның дамуы жолында бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс жүргізетінін жеткізді.