Шалғайдағы елді мекенге газ таратылуда

Жүз он үш мыңнан астам халқы бар Түлкібас ауданында газбен қамту көрсеткіші 99,8 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы халық тұратын елді мекендер толығымен көгілдір отынмен қамтылған. Бір ғана Иірсу ауылы табиғи газбен қамтылмаған болатын. Бұл мәселе де шешімін табуда. Өткен жылдан өтпелі болып 28 түтіні бар ауылға 19 шақырымға жуық газ құбыры тартылып жатыр.
Аталған елді мекенге аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының бүгінгі жай-күйін бақылады.
Бүгінгі таңда ең қиын таулы 15 шақырымға жуық учаскесіне құбыр тарту жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда елді мекеннің ішкі көшесіне тартылуда.
Аудан басшысы жауапты мамандармен бірге нысанды аралап, жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау мақсатында біршама тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Нұрлан Мархабатұлы елді мекеннің даму перспективасын ескеріп, қосымша үйлер түсетін жерлерге құбыр бөлігін қалдыру мәселесін назардан тыс қалмау керектігін ескертті.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ