Шаһар басшысы бірқатар міндеттер жүктеді
Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты 10 мың тұрғыны бар Бозарық тұрғын алабына табиғи газ берілді. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның құрылысы былтыр басталыпты. Бүгінде қала әкімінің қатысуымен абоненттерге алғаш рет газ жеткізілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық тұрғындарымен кездесуде газдандыру кез-келген қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Әкім сондай-ақ, табиғи газдың қаланың экологиясын жақсартуға қосатын үлесін атап өтіп, тұрғындарға оны пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Қазіргі уақытта газдандырудың екінші кезеңі аясында шамамен 700 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең аяқталғаннан кейін қосымша 700-ден астам отбасы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жыл соңына қарай Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімі шаһарды кезекті аралау барысында Әл-Фараби ауданындағы «Бадам» өзенінің жағалауында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Инвестициялық жоба аясында мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары төселіп, жарықшамдар орнату жоспарланған. Сондай-ақ, жағалаудың іргелес аумағы көгалдандырылып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы демалыс аймағы құрылатын болады.
Жобаның басты мақсаты — балалар және спорт алаңдары бар, жаңа заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Әкім инвесторлармен кездесу барысында құрылыс сапасының жоғары деңгейде болуын, яғни сапалы материалдарды қолданудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті элементтер қарастыруды ұсынды.
Қаланы аралау барысында қала әкімі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысын да көріп шықты. Қазіргі кезде Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Иляев және Б.Момышұлы көшелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, оған қоса көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырларының бірыңғай сәулеттік стильге сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған.
Әкім мердігер ұйымдарға барлық жұмыстың сапалы орындалуын міндеттеп, қала келбетін жақсарту мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға сауда нүктелерінің иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жарнамалық тақтайшаларды бірыңғай дизайн-кодқа сай ретке келтіру бойынша міндеттер жүктеді.