Шағалалы Шардарада киелі Отырар ауданының мәдениет күндері өтті

Түркістан облысында өтіп жатқан «Туған жер — алтын бесігім» атты қала, ауданаралық мәдениет күндері жалғасын тауып келеді.

Бүгін аталған шара аясында Шардара ауданында Отырар ауданының мәдениет күндері өтті. Сұлу Сырдың бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан, төрт қақпалы көркем қала, теңізінде балығы тулап, шағаласы шулап жатқан шежірелі Шардарадай өлкеде мәдени байланысты нығайтуға бағытталған шара барысында отырарлық өнерпаздар шардаралық өнерсүйер қауымға мың бұралған биі мен әсем әнінен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шараға келген көпшілік алдымен Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, отырарлық қылқалам шебері Әділхан Мәліктің «Отырар дастан» атты сурет көрмесін тамашалап, кітап көрмесімен танысты. Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымы ақын Нұрғали Сердалиевпен «Арқау етсем жырыма өмір сырын» атты шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, кітапсүйер оқырмандармен жүздесу өтті.

“Отырар дастан” театрландырылған көрініспен ашылған шара одан әрі «Омартасы рухтың – Отырарым» аудан өнерпаздарының гала концертіне ұласып, өнерпаздар шардаралықтарды ерекше өнерлерімен тәнті етті.

Мерекелік кеште Айнұр Нұртаза, Гүлдана Сармырзаевалардың орындауында «Отырардағы той» әні, дәстүрлі әншілер композициясы, айтыскер ақын Д.Ақсақаловтың арнауы, күйшілер сайысы, ВИА сүйемелдеуімен Б.Дәлденбаевтың әні «Ақ қанат ән», «Күндер өтуде» әні, Шохан Теңлібаевтың орындауында Ш.Қалдаяқовтың әні «Сыған серенадасы», О.Рахматуллаевтың орындауында халық әні «Ләтипа», Жүнісбай Зеренің орындауында «Туған ел», әншілер тобының орындауында халық әні «Құдаша», Жүнісбай Сырымның орындауында Мәжит Ханкелдінің әні «Құнан нар» әнін орындаса, мәдени ұжым «Шалқыған Шәуілдір» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мәдени шара барысында Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Айдаров Еркебұлан шардаралықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған отырарлық өнер иелеріне аудан халқының атынан шынайы алғысын жеткізіп, Шардара ауданы әкімінің алғыс хатын табыстады.

ПІКІР ЖАЗУ