Серік Жұманғарин Түркістан облысындағы көктемгі дала жұмыстарының барысын тексерді
19-22 мамыр аралығында Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазығұрт ауданының бидай өндірушілерімен және Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының мақта өсірушілерімен кездесті.
Бүгінде Түркістан облысында 469,3 мың гектар жерге көкөністер мен егін егілді. Оның 100 мың гектардан астамы – Қазығұрт ауданында. Мұнда бидай, арпа, жүгері, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, көкөністер өсіріледі. 2 мың гектарға жуық бақша жайқалды. Жайылымға 133 мың га бөлінген. Агроқұрылымдардың басым көпшілігі – шаруа қожалықтары (3375). Оның 105-і серіктестіктер болса, 127-сі – кооперативтер. Мал шаруашылығы, әсіресе қой шаруашылығы өте дамыған, 400 мыңға жуық бас бар.
Мақтаарал ауданында Серік Жұманғарин мақта егу бойынша көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда “Хамро Ата” өндірістік кооперативі Қытай инвесторымен бірлесіп, “Peng Seng” тамшылатып суару технологиясы бойынша 310 гектарға мақта отырғызды. Жобаның ерекшелігі – қарапайым әдіспен егілген мақта алқаптарымен салыстырғанда ағынды сулардың көлемін 50% үнемдеуге болады. Бұл өнімділікті гектарына 60-70 центнерге арттырады.
– Біз биыл арзандатылған бағамен 376 мың тонна дизель отынын бөлдік. Алдымен 340 мың тонна, ал қажеттіліктер нақтыланғаннан кейін тағы 36 мың тоннаға ұлғайттық. Қазір көктемгі егіс жұмыстарына фермерлер үшін жылдық 5% өсіммен 580 млрд теңге бөлеміз. Өтінім беріп, жеңілдіктерді пайдалануға болады, – деді Серік Жұманғарин мақта өсірушілерге.
Сондай-ақ жүгеріні қайта өңдеу зауытының, “ЭКО-культура” жылыжай кешенінің, банан өсіретін жылыжайдың құрылыс барысымен, “Бөрте-милка” сүт-тауар фермасының дамуымен танысты.