Сербия мен Косово арасында жағдай ушықты. Косово серб паспорты мен автонөмер ауыстыруды кейінге қалдырды

 Жексенбі, 31 шілдеде Сербия мен Косово шекарасында жағдай ушығып, екі ел шекараларына әскер орналастырды. Косово жақта тек сербтер тұратын аудандағы шекара өтпелері мен автожолдар жабылды. Жағдайдың ушығуына Косово билігі мына шешімдері түрткі болды:

 Косовоның солтүстігінде тұратын сербтер көліктеріне косоволық нөмер алуы қажет, сербиялық төлқұжаттарына қосымша Косовоның тіркеу құжаты болуы керек. Сербиядан Косовоға кіргісі сербтер үш айға уақытша тіркеу құжатын алуы тиіс және сербиялық нөмермен жүрген көліктер Косово аумағына кірсе косоволық нөмер алуы қажет.

 Косовоның бұл шешімін Сербия сынға алып, шекара маңына әскер әкелді. Осыдан соң Косово билігі бұл шешімінен бас тартып, автокөлік нөмері мен құжат ауыстыру шарасын бір айға шегерді. Бірақ дәл осындай талап Сербияда бұрыннан бар. Мәселен, Косово азаматтары Сербияға барам десе арнайы процедурадан өтуі керек. Сербия президенті Александр Вучич 31 шілдеде Белградтағы баспасөз мәслихатында Косоводағы сербтерді қақтығысқа әкелетін қадам жасамауға шақырды. Бұған қоса, Вучич “Сербия артқа шегінбейді, Сербия жеңеді” деген мәлімдеме жасады.

  “Егер олар сербтерді қудалап, оларға қысым жасаса, өлтірсе, Сербия жеңеді. Бар айтарым – осы” деді ол.

 Косово премьер-министрі Альбин Курти де жұртты сақтыққа шақырды. Косово билігі сербиялық құжат пен көлік нөмерін ауыстыруды сербтерге қысым жасау деп санамайды. “Косово премьер-министрі Альбин Курти америкалық және еуропалық серіктестерімен кездесу өткізді. Косово үкіметі 29 маусымдағы екі шешімді Косовоның солтүстігіндегі баррикадалар алынып, қозғалыс қалпына келгенше, яғни 1 қыркүйекке дейін шегереді” деп мәлімдеді Косово үкіметі. АҚШ-тың Косоводағы елшісі Джефри Ховени жексенбі Косово үкіметіне қайырылып, бұл шешімді 30 күнге шегеруді сұрады. Еуропа одағы Косовоның шешімін кейінге шегергенін қолдады. Косово 2008 жылы Сербиядан тәуелсіздік алған еді, бірақ бұл елдің тәуелсіздігін Сербия мойындамайды. Ресей де Косовоның тәуелсіздігін мойындамаған.

ПІКІР ЖАЗУ