Сенаторлар Шымкенттегі «Қамқорлық» орталығының жұмысымен танысты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапары барысында «Қамқорлық» балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенаторлар оңалту орталығының жұмысымен танысып, қызмет алушы балалардың ата-аналары және мамандармен кездесті. Жиында сенаторлар әлеуметтік саланы дамыту бағытында Парламентте қабылданған заңдар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған мемлекеттік ауқымды шаралар туралы кең көлемде айтып өтті.
Қамқорлық орталығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Қамқорлық қоры» және «Самұрық – Қазына» қорларының қаржыландыруымен ашылған.
Аутизмі бар балаларға арналған орталықта балалар мен олардың отбасыларына кешенді қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, 1,5 пен 18 жас аралығындағы балалар және жыл сайын жүйелі түрде 125 бала мамандардың көмегін тегін алады. Орталық эрготерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия сияқты емдеудің 16 – ға жуық түрінен қызмет көрсетеді.
«Жақында ғана Парламентте мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификацияладық. Оның ережелері мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікті жоюға және инклюзивтілік қағидатын іске асыруға бағытталған. Инклюзивті қоғам құру үшін біз ерекше балаларды күнделікті әлеуметтік өмірге дайындауымыз керек, ол үшін дәл осындай оңалту орталықтарының ашылуы аса маңызды. Өкінішке қарай, елімізде аутизммен ауыратын балалардың саны өскен. Бір ғана Шымкенттің өзінде аутизм спектрі бұзылған 220 – дан астам бала тіркелген», – деді сенатор Айгүл Қапбарова.
Ал, сенатор Нұрлан Бекназаров мемлекет тарапынан мүгедектігі бар балаларға қажетті барлық әлеуметтік дағдыларды үйретуге мүмкіндік жасалып жатқанын айтып өтті.
«Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылуы тиіс. Аутизммен ауыратын балаларға уақтылы медициналық, әлеуметтік, педагогикалық тұрғыда көмек көрсетілген жағдайда олардың 60% жалпы білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабілетті екені дәлелденген. Сондықтан орталықта алған емдік шаралардың тиімділігіне аса мән беру керек», – деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров.
Айта кетйік, Сенат депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары барысында Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы жүрек орталығында болды.. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі халыққа ең жоғары деңгейде кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін жетекші клиника.
Сондай-ақ, сенаторлар Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Ашық форматта ұйымдастырылған кездесуде тұрғындар көтерген мәселенің дені инфрақұрылыммен қамту төңірегінде болды.