Сенат депутаттары парламенттік реформаға қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру, жасанды интеллектті дамыту және цифрландыруға басымдық беру бастамаларын Сенат депутаттары қолдады. Олар реформалардың ел дамуына серпін беретініне сенім білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту еліміздің экономикалық және әлеуметтік барлық саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады.

Біз қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуымыз керек. Дәл осы бағытта еліміздің экономикалық және әлеуметтік барлық саласында жаңа мүмкіндіктер ашылады деп түсініп отырмыз. Ел дамуы үшін құрылыс саласы болсын, коммуналдық шаруашылық немесе басқа әлеуметтік сала болсын – бәрі қамтылды. Бізге қалғаны – Мемлекет басшысының реформаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету, – дейді ол.

Нұртөре Жүсіптің пікірінше, Президент Жолдауында айтылған парламенттік реформаны жүзеге асыру оңай шешім емес, алайда уақыт талабы.

Президент бүгінгі Жолдауында парламенттік реформа қажеттігін атап өтті. Бұл оңай шешім болмағанын да байқадық. Өйткені ол кісі он жылдан аса басқару тәжірибесіне сүйеніп отыр. Ел дамуы үшін Конституциялық өзгерістер қажет. Болашақта заманға сай бір палаталы парламенттің тиімділігі артып, халық қолдау білдіретін болса, оны қалыпты жағдай деп есептеймін, – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор Бекбол Орынбасаров та бұл көзқарасты қолдайды. Оның айтуынша, әлемде бір палаталы парламент тәжірибесіне көшіп жатқан мемлекеттер бар, ал Қазақстанда мұндай қадам саяси мәдениетті арттыруға ықпал етеді.

Әр кезеңде түрлі конституциялық реформалар жасалды. Бүгінгі айтылған ұсыныстар – соның жалғасы. Әлемде бір палаталы парламент тәжірибесіне көшіп жатқан мемлекеттер бар. Біз унитарлы елміз, сондықтан Сенат өзінің негізгі міндетін атқарып шықты деп ойлаймын. Президент нақтылап айтты: Егер халық қолдаса, жаңа парламент партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл – саяси мәдениетімізді дамытуға зор үлес қосады. Партиялар халықпен жүйелі жұмыс жүргізіп, саясатын кеңінен түсіндіруі тиіс. Сонда ғана саяси реформалар жүзеге асады, – дейді ол.

Сенат депутаты Бекболат Орынбековтің айтуынша, қазіргі таңда инвестиция тарту мәселесі қарқынды дамып келеді. Президент Жолдауында өндірісті дамыту басты міндет ретінде белгіленді.

Қазіргі таңда инвестиция тарту мәселесі қарқынды дамып келеді. Президент Жолдауында өндірісті дамыту басты міндет ретінде белгіленді. Мәселен, Қытайға барған сапарында Alatau City жобасы бойынша нақты келісімдер жасалды. Бұл – еліміздің алғашқы ірі цифрлық қаласы болмақ. Сонымен бірге салық реформасы аясында шетелдік инвесторларға жеңілдіктер қарастырылатыны айтылды. Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – жаппай цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану. Бұл жұмыстар әр министрлік пен әкімдік деңгейінде жүзеге асуы тиіс, – деген пікірде Орынбеков.

Сенатор Әлішер Сатыбалдиевтің айтуынша, Президенттің бүгінгі Жолдауы тарихи мәнге ие. Әсіресе бір палаталы парламент құру ұсынысы қоғамда кеңінен талқыланатын болады.

Президенттің бүгінгі Жолдауы тарихи мәнге ие. Әсіресе бір палаталы парламент құру ұсынысы қоғамда кеңінен талқыланатын болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөздерімен ерекше әсер қалдырды. Заң үстемдігі, тәртіптің маңыздылығы, жасанды интеллектті енгізу – бәрі де жастарға тікелей қатысты. Болашақ ұрпақ үшін мектептегі әлімжеттік пен қоғамдық тәртіп бұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Алдағы бір жылда Парламентке жүктелген заңдарды қабылдау арқылы Президент тапсырмаларын орындауға тиіспіз, – деді.