Семейде «Еңбекші жастар – 2025» фестивалі өтті

Семей қаласындағы Электротехникалық колледж базасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбекші жастар – 2025» қалалық фестивалі өтті. Басты мақсат – еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, жастарды техникалық және жұмысшы кәсіптерге баулу, сондай-ақ еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру.
Іс-шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Ғапуов, колледж студенттері мен өңірдің еңбекші жастары қатысты. «Жастардың еңбекке деген ықыласы, кәсіби шыңдалуға ұмтылысы – қаламыздың дамуының кепілі. Бүгінгі фестиваль – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді Қуаныш Әбілдаев.
Фестиваль аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған аймақтағы 20-дан астам ірі кәсіпорын мен жұмыс беруші мекемелер қатысып, жастарға тұрақты жұмыс пен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін ұсынды. Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбекші жастарға қала әкімінің орынбасары алғыс хаттар табыстады.