Семейде 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Семейдегі Водный кентінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты.

Водный кентінің балалары енді еңселі де заманауи ғимаратта білім алады. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде бой көтерген Семей қаласындағы екінші, ал Абай облысы бойынша үшінші мектеп.

Үш қабатты мектепте 28 оқу кабинеті, физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу бөлмелері, ағаш және металл өңдеу, тігін және кулинария шеберханалары бар. Сонымен қатар акт залы, асхана, 7 зертхана, кітапхана, оқу залы мен коворкинг аймақтары қарастырылған. Аулада футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары мен спорт залы бар.

Мектеп бір ауысымда, мемлекеттік тілде білім береді. 1-11 сынып аралығында 22 сынып-комплект және 1 мектепалды даярлық сынып ашылады.

Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген жаңа оқу орындары салынып жатыр. Біздің өңірімізде де бірнешеуі бой көтерді. Осындай келелі бастамалар арқылы балаларға қолайлы, қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадамды көруге болады. Соның айқын көрінісі – бүгін Семей қаласының Водный кентінде бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп. Бұл – ұстаздың арманын, ата-ананың сенімін, баланың үмітін тоғыстырған ортақ қуаныш. Бүгінгі ашылған мектеп – болашаққа деген сенімнің символы. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мектептің сыныптарын, асхана, спорт залды көріп, оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті.

Водный кентінде мұндай заманауи мектеп болмаған. Тұрғындар ұзақ жыл бойы күтті. Өте қуаныштымыз. Барлық тұрғындардың атынан шын жүректен алғыс айтамыз. Мектебіміз үлкен білім ордасы болсын. Түлеп ұшқан шәкірттеріміз елдің мақтанышына айналсын, – деді Водный кентінің тұрғыны Совет Тоғызбаев.

Қазіргі уақытта облыста «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі мектеп салынып жатыр. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектеп 2-інші тоқсанда пайдалануға берілмек. Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған.

Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр.

Абай облысында 304 мектеп бар. Білім ошақтарында 101 мыңнан астам бала білім алады. 12 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді. Биыл 10 мыңнан аса бүлдіршін алғаш рет 1-сыныпқа барады.