Seitzhan school мектебінде оқуға 50% жеңілдік алуға болады
Шымкентте тұңғыш рет сингапурлық арифметикамен білім беретін мектеп ашылды. Заманауи Seitzhan school мектебі жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға 50 пайыз жеңілдік ұсынып отыр. Жаңадан бой көтерген оқу ордасында оқушылар қандай бағдарлама арқылы білім алады? Мектептің ерекшелігі неде?
Заманауи талапқа сай Seitzhan school мектебі оқушыларды қабылдауды бастады. Жаңа оқу жылына орай 18, 19, 20-шы тамызда ашық есік күні өтіп жатыр. Мұнда тесттен жоғары балл жинаған баланың оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік беріледі. Қала тұрғыны Сәуле Нұрпейісова бүгінгі акцияға қызымен бірге келген. Оларға мектепте балаларға заманауи жағдай жасалғаны ұнапты.
Сәуле Нұрпейісова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің қызым 6 сынып оқушысы. Қазір мектепке келіп, танысып жатырмыз. Оқу базасы қазіргі өмір ағымына ыңғайластырып жасалған. Барлық кабинет, инновациялық бүкіл құрал жүрекке қонымды болып тұр. Өзімізге қатты ұнап жатыр. Балаларымыз осы жаңа мектепте, жаңа бағытпен білім алса деп армандаймыз».
Seitzhan school мектебі 900 орынға шақталған. Биыл білім ұясына 1-сынып пен 9-сынып аралығында оқушыларды қабылдау жоспарланған. Мұнда балалар «Білім-Инновация» Халықаралық Қоғамдық Қорының әдістемесі негізінде білім алады. Ол үшін STEAM, PBL сынды әлемнің озық бағдарламасы таңдалған. Осылайша мектеп әкімшілігі Шымкентке алғаш рет сингапурлық арифметика әдісін алып келді. Мұғалімдер құрамы арнайы тест тапсырып, іріктеліп алынған. Және әр тоқсан сайын сынақтан өткізіп, білім жетілдіру курстарын жіберіп білімін жетілдіріп тұрады екен.
Нұрболат Базарбаев, Seitzhan school мектебінің директоры: «Біз Білім-Инновация» қорымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл дегеніміз білімге ғана емес, тәрбиеге де көңіл бөлінеді. Қазақстан бойынша БИЛ білім бойынша ең алғашқы қатардағы мектеп болып саналады. Мектебіміз PBL бойынша білім береді. PBL бұл жоба бойынша жұмыс жасау. Бұл жерде бала тек жаттанды сабақ оқымайды, сыни тұрғыда ойлап, конструкторлар арқылы жұмыс істейді. Мұғалімдеріміздің 30 пайызы «Білім-Инновация» қорымен келген. Қалғаны жергілікті мұғалімдер. Оларды жіті тексеріп, іріктеп алғанбыз».
Мұнда білім алатын оқушылар таңғы 8-де келіп, кешкі 6-да үйіне қайтады. Осы аралықта білім алып қана қоймай үй тапсырмасын жетекшілер сүйемелдеуімен орындайды. Түстен кейін түрлі үйірмелерге қатысады.
Айта кетейік, мектепте 12 түрлі үйірме бар. Соның бірі жүзу. Мектепте 25 метрлі, 6 жолақтан тұратын жартылай олимпиадалық стандартқа сай бассейн қарастырылған. Оған қоса, пәндік кабинеттерде әрбір баланың жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған.