Сауран: жұмыс бар жерде кемшілік те болады

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров халықпен есепті кездесуін Жаңа Иқан ауылдық округінен бастады. Тоғыз айда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 млрд. теңгені (2022 ж. 9 ай – 69,9 млрд. теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9%-ға артып отыр. Аудан экономикасына 22,4 млрд. теңге ИНВЕСТИЦИЯ бағытталып, өсім 168,6%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы  өнімінің көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетті, былтырғы жылдың тиісті сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4%-ды құрады.

Әкім баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Соның ең өзектісі көгілдір отын. Ауыл тұрғындары мердігер компанияның салғырттығынан көгілдір отынның рахатын көре алмай отыр. Әр үйге тартылған газ құбырларынан ахау кеткен. Мердігер уәжі. Ал тұрғындар мердігер құбырларды жөндеуге құлықсыз дейді. Құр уәде, тындырымды тірлігі жоқ мердігердің есепті кездесуде де мекеме өкілі мардымды жауап бере алмады. Аудан әкімі халықты  сарсаңға салған мердігерді жауап мамандарға заң аясында шара көруді тапсырды.

Ауыл зейнеткерлері демалыс орындарына жолдама уақытында берілмейді дейді. Зейнеткерлер уәжіне жауап берген бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, сауықтыру үшін шипажайларға жолдама бөлу мәселесі кезең-кезеңімен, кезектілік тәртібімен толық қамтылатын болады. Сонымен қатар, халықаралық әуежай мен ауылдың арасына жол салуды сұрады. Ауыл көшелерінің жарық шамдары жиі өшеді. Сонымен қатар, электр маманы жоқтығында алға тартты.  Көшелерді сапалы жарықтандыру үшін ауыл әкіміне тапсырма берілді.

Жиын ортасында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Балтабай Жарылқасынов ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақырды. – “Тозған қазды,

топтанған қарға алады. Бір жеңнен қол  шығар, бір жағадан бас шығар дейді халқымыз. Жастарға жұмыс жасауға мүикіндік берейік. Ауданның мерейін көтеру үшін бірігіп жұмыс жасайық”, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.

Есепті кездесуді: – Құрметті Жаңа Иқан ауылының тұрғындары! Сіздер көтеріп отырған мәселелер маған таңсық емес. Орынбасар кезімде де ауылды аралап коммуналдық мәселелерді өз көзіммен көрдім. Кезек күттірмейтін мәселелер ретімен шешіліп жатыр. Тұралап қалған құрылыс жұмыстары да келер жылдан бастап жанданады. Жастарды кәсіпкерлікке тарту жұмыстары тоқтамайды. Кәсіп бастап, өзімді жұмыспен қамтимын деген азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз керек. Мен сіздерді тек есепті кездесу де ғана емес, кез келген уақытта жеке мәселемен қабылдауға дайынмын. Кез-келген мәселені аудандық деңгейде шешейік. Жұмыс бар жерде кемшілік болады. Сіздер сол кемшілікті бізге дер кезінде жеткізулеріңізді сұранамын,- деп  қорытындылады Мақсат Асылбекұлы.

Аудан әкімінің есепті кездесуі мұнан соң, Ескі Иқан ауыл округінде жалғасты.

ПІКІР ЖАЗУ