Сауран: ұлттар татулығы – басты байлығымыз
Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Жиналысты аудандық кеңес төрағасы Оразбек Әміреев ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Сауран аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық филиалының мамандары, аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Атап өтсек, «Жастарды салт-дәстүр мен әдет-ғұрып мазмұнымен тәрбиелеу» және «Ел бірлігі-татулықтан басталады» атты тақырыпта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
“Елдің бірлігі мен ынтымағы ең асыл қасиет. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас», – дейді ұлы халқымыз. Еліміздегі ұлттар бірлік пен татулықты әрдайым ту етіп келеді. Қазақ халқының қамқорлығын көрген 130-дан аса ұлт өкілі еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін еңбек етіп жатыр. Олардың тілі мен салт-санасы бөлек болғанымен, қазақ халқымен жүрегі бір, тілегі бір. Қазіргі таңда ауданымызда түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Оның ішінде өзбек этно-мәдени орталығы жұмыс жасайды. Ауданымызда жалпы саны – 46 мектеп болса, соның 21-і аралас мектептер. Осындағы оқушылар бір үйдің баласындай білім алуда», – деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Жиын барысында ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптарын кеңінен насихаттау туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Өскелең жастарымыз қашанда «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» көрсете отырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу қажеттігі айтылды.
Иә, бірлік – бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық – халқымыздың әл-ауқаты жақсаруының, ел экономикасы өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екені сөзсіз.
Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, ел бірілігі туралы кеңінен насихаттау туралы көпшілік тарапынан көптеген ұсыныс пікірлер тыңдалды. Айтылған мәселелер хаттамаға түсіріліп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жүргізетін болып уағдаласты.