Сауран: Шорнақтағы жайылым жер мәселесі қаралды
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен Шорнақ ауылдық округі тұрғындарының өтініші бойынша жайылым жер мәселесі қаралды. Жиынға «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауов, аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Шорнақ ауылдық округінің әкімі, тиісті дербес бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл тұрғындарының басты мәселесі жайылымдық жерлердің жекенің қолына өтіп жатқанын айтып, төрт түлік бағуға жер таппай отырғандықтарын жеткізді. Ауыл халқының негізгі күн көрісі мал шаруашылығы, әрбір үйде кемінде 2-3 сиырдан бар екенін алға тартты. Сондықтан ауыл тұрғындарының басты базынасы жайылымдық жерлерін ұстап қалуды мақсат етуде. Сонымен бірге, жер асты суларының жыл сайын төмендеп бара жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта мақта егуге қарсы екендіктерін білдірді.
“Түркістан” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауовтың айтуынша Шорнақ ауылдық округіне қарасты 518 гектар жерге иелік етінін, алдағы уақытта инвесторлар тартып, түрлі бағытта жұмыс жасайтынын мәлім етті. Алдымен инвесторларға сіздердің талап тілектеріңізді айта отырып, сол бағытта жұмыс жасайтынын атап өтті.
“Аудан орталығы алдағы уақытта жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен дамитын болады. Сондықтан біздер көптеген инвесторлар тартып, зауыт, өндіріс орындарын ашып, ауыл тұрғындары мен жастарға жұмыс күшін ұсынатын боламыз. Келер жылы көпбатты 8 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, көптеген жоспарларымыз бар. Демек, Шорнақ ауылы аудан орталығына лайықты дамитын болады”, – деді Мақсат Асылбекұлы.
Жиын соңында ауыл тұрғындары көптеген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі жиналысты қорытындылап, тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерін жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.