Сауран: инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Онда ауданның әлеуметтік экономикалық даму рейтінгісі туралы қаржы және экономика бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, ауданда жыл соңына дейін тапсырылатын нысандар мен жобалар туралы құрылыс және сәулет бөлімі басшысының орынбасары Аман Төребеков, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Рысбеков баяндама жасады.

Сонымен қатар, ауданда кәсіпкерлікті дамыту бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы туралы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, ауылдық округте жыл басынан бері атқарылған жұмыстары туралы Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық пен Қарашық ауылдық округінің әкімі Адашжон Ганиев хабарлап өтті.

Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакировтің мәлімдеуінше Сауран ауданы қазіргі таңда инвестиция тартуға қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Аймақтың географиялық шоғырлануын ескеретін болсақ, ауыл-шаруашылығы мен туризм бағытында инвестиция тартуға әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Осы орайда, басқарма тараптан ауданға негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылға  30,1 млрд. теңге болып бекітілген. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен 28,0 млрд. теңгені құрап, жоспар 142,1% орындалып отыр.

2023 жылы жалпы жоба құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 84 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы жоба құны – 53,9 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталмыш жобалар жүзеге асса, оған 1858 жаңа жұмыс орны ашылады деп отыр.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша жұмысты жандандыруды нақтылады.

ПІКІР ЖАЗУ