Сауран: “Дәстүрлі құндылықтар керуені” атты кездесу өтті

Бүгін Сауран ауданындағы мәдениет үйінде «Дәстүрлі құндылықтар керуені» атты тақырыпта кездесу болып өтті. Аталған кездесуге Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Теология» факультетінің деканы, философия-теология ғылымдарының докторы профессор Досай Кенжетай және Түркістан облысының мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков арнайы келіп қатысты. Шараны Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жиналған көпшілікке келген қонақтарды таныстырып, кездесуді ашып берді.Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Ақсақалұлы күн тәртібіндегі дәстүрлі құндылықтар туралы сөз қозғап, еліміз дінаралық тұрақтылықтың аймағы, сондықтан да елімізде этностардың сонымен қатар, конфессияаралық татулықтың артуы Мемлекет басшысының жүргізген сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын жеткізді.

Философия-теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ежелгі Сауранның тарихи атауына кеңінен тоқталып өтті. Қазақ тарихында Сауран атауының алар орны ерекше. ХІІ ғасырда іргетасы қаланып, бертін келе Ақ Орданың астанасы болған ежелгі Сауран қаласында ел үшін маңызды қаншама шешімдер қабылданып, келелі кеңестер өткізілгенін атап өтті. Қазақ даласында ислам өркениетінің қанат жаюына ықпал еткен тарихи мекен ірі сауда орталығы ретінде айтылғаны тарихтан белгілі. Сонымен қатар, жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану және дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу бағытында келелі әңгімелер айтылды.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов дәстүрлі құндылықтар жайында ой-пікірлерін ортаға салып, келген қонақтарға алғыстарын білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ