Сауран: ауыл халқының қуанышын еселеген «Ауыл Аманаты»
Ораңғайлық Бахадыр Исрайлов “Ауыл аманаты” жобасының игілігін көріп отырған жеке шаруа. Жеңілдетілген несие алып, мал басын бордақылап жатыр. Бахадыр мұнымен тоқтамақ емес. Кәсібін кеңейтіп, мемлекет қолдаса мал басын көбейтуді ойластырып жатыр. Ойға алған шаруа оңынан болса, кәсіпкер өздерінің әл-ауқатын арттырумен бірге елдің ақ дастарқанын адал аспен толтырамыз деген жоспарын да жасырмады. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, “Amanat”партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы, Еңбек сіңірген қайраткері, “Qazaqstan Dauiri” ЖШС-нің директоры Сәуле Мешітбаева, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық шаруа қожалықтың тынысымен арнайы барып танысты.
«ΑΜΑΝΑΤ» партиясының қолдауымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ел Ана» сайты және “Qazaqstan dauiri” газетінің ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі экспедицияны жалғастыру мақсатында өңірімізге Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, “Qazaqstan Dauiri” ЖШС-нің директоры Сәуле Мешітбайқызының жұмыс сапары Сауран ауданынан басталды.
Сәуле Мешітбайқызының баяндауынша бұл экспедицияның ерекшелігі ауылдарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баспасөз бетінде кеңінен ақпарат тарату. Оның ішінде “Ауыл аманаты” жобасын ел арасында кеңінен насихаттау. Шаруа қожалықты аралаған соң, келелі кездесу ауыл тұрғындарымен жалғасты. Жобаның тиімді тұстары түсіндірілді. Ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға шақырды.
Қазіргі таңда жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында несиелендіру бойынша толық ақпарат айтып, 6 бағытта жүзеге асырылады. Аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында скрининг жұмыстарының нәтижесімен Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтері жобаға қатысушы ретінде таңдалды. Бүгінгі күнге аталған 4 ауылдық округтен 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, 185 жоба несие алуға мақұлданып, 129 жоба қаржыландырылды.
Жиын соңында Сәуле Мешітбайқызы ұлттық дәстүрі мен салт-жоралғысын берік ұстанған қазақ халқы ықылым заманнан бері ер қаруы – қамшыны қасиетті санағандығын айттып, авторлық дизайнымен жасалынған қамшыны аудан әкімі Мақсат Асылбекұлына тарту етті. Ауданның өсіп өркендеуі мен дамуы жолында аянбай қызмет жасап, халықтың ықыласы мен ақ батасын алып, еңбек ете беруін тіледі.