Сауран ауданының әкімі азаматтарды жеке қабылдады

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 6 азамат өздерін толғандырған 8 түрлі мәселе бойынша өтініштерін жеткізді.

Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды спорттағы жетістіктері үшін марапаттау мен ынталандыру, тұрақты жұмысқа орналасуға көмек көрсету, тұрғын үй алу, ауылішілік ауызсу құдықтарының қақпақтарын орнату, жер телімін рәсімдеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету (жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату), сондай-ақ жеке меншік нысандардағы электр қуаты үшін төлем төлеу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Мәселен, тұрғын үй мәселесі бойынша азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұрғаны расталып, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер пайдалануға берілгеннен кейін кезек тәртібімен баспана ұсынылатыны хабарланды. Жұмыс сұраған азаматқа Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасу жолдары түсіндіріліп, қолдау көрсетілетін болды. Ауызсу құдықтарының қақпақтарын орнату бойынша жұмыстар тамыз айының соңына дейін толық аяқталатыны айтылды. Жер телімі бойынша өткен конкурс нәтижесіне байланысты түсіндірме берілді.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар қолдау тауып, жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарының жоспарға енгізілгені белгілі болды. Электр энергиясына қатысты сұрақтар бойынша аудан балансына кірмейтін жеке нысандар үшін төлемдердің меншік иесінің есебінен жүргізілетіні заңнамаға сәйкес түсіндірілді.

Жеке қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің жеке бақылауына алынды. Тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тұрғындардың өтініштері бойынша жұмыстардың орындалу мерзімдері белгіленді.