Сауран: аудан әкімі ақсақалдармен кездесті
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық ақсақалдар алқасымен кездесіп, ауданды дамыту бағытында жұмыс жоспарларымен бөлісіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.
– «Бірлік – береке бастауы» демекші, елдің бірлігін ұйыстыруда сіздердің көмектеріңіз қажет. Ауызбіршілігіміз мықты болса, берекеміз молаяды. Өздеріңізге қарасты ауылдарда елді ынтымақ, бірлікке шақыруда, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерді алға тартып, насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етсеңіздер. Алдымызда көптеген жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Ауданды көркейтіп, экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеру кезек күттірмейтін мәселе», – деді Мақсат Асылбекұлы.
Кездесуде барысында Мақсат Асылбекұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Соның ішінде коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, көгалдандыру салалары бойынша алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі қоғамдық ұйымдардың бір орталықта шоғырландыру мақсатында «Ынтымақ үйі» ашылатынын айтты.
Жиында ақсақалдар өздерінің ұсыныс пікірлері мен мәселелерін ортаға салды. Аудан әкімі айтылған барлық мәселелер бақылауға алынып, қажеттігіне қарай шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Кездесу соңында ақсақалдар батасын беріп, аудан әкімінің жоспарлы жұмыстарының оңды шешімін табуда сәттілік тілесті.