Сарыағаш: желтоқсаншылар марапатталды

«16 желтоқсан – Қазақстан  Республикасының  Тәуелсіздік күні » мерекесіне орай аудан әкімі Арман  Абдуллаев Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жүздесті.

-Сіздерді барлық игілігіміздің бастауы болған ұлы күн – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ел тәуелсіздігінің 32 жылдығы, сондай-ақ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына 37 жыл толып отыр. Тәуелсіздік-барша Қазақстан халқы ерекше қадірлейтін, өткенінен тағылым алып, келешекке байыпты қадам жасайтын маңызды күн. Біз еркіндігімізді  әрқашан мақтан тұтып, қастерлей беруге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Біз сіздерді бүгінгі таңда батыр деп білеміз, ерліктеріңізге әрқашан құрметпен қараймыз. Отанды, ұлтты сүюдегі махаббаттарыңыз қашан да өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек,- деп аудан басшысы құттықтады.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев ұлттың болашағын ойлап 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолында ерлік пен қайсарлықтарын көрсеткен жерлестерімізді мерекемен құттықтап, арнайы бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.

Жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының  арнайы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар ән шырқап, мерекелік шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

ПІКІР ЖАЗУ