Сарыағаш: “сіз бен біздің мүддеміз бір болып, ауданның көркеюіне ат салысуымыз керек”
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кезекті кездесуі Құркелес ауылдық округінде өтті. Кездесу барысында аудан басшысы алдыңғы төрт кездесуде айтылған мәселелерге қысқаша тоқталып, атқарылған жұмыстармен бөлісіп, ауыл тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
– Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп тұрмын. Мақсат – талаптарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау. Сіздердің әрбір өтініштеріңіз назарға алынып, алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Кездесу барысында, тұрғындардың басым бөлігі жол, табиғи газ, жер мәселесі, электр мәселелері туралы өтініш-пікірлерін жеткізді. Тұрғындар атқарылып жатқан және атқарылған жұмыстар үшін аудан басшысына өз алғыстарын білдіріп, ақсақалдар баталарын берді.
Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.