Сарыағаш: ауданда жер телімдеріне инженерлік-коммуникация жүйелері жүргізілуде
Бүгінгі күні аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар, тұрғын үй салу үшін жер телімі бөлінгенімен Заң талаптарына сәйкес, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер телімдері табысталмайды.
Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында ауданда жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде.
Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округіне арнайы барып, 70 гектар жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысымен танысты.
Айта кетсек, құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан қазіргі таңда, ауыз су құбырлары толығымен тартылып, электр бағаналары орнатылып электр жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
Осы орайда, аудан әкімі Арман Абдуллаев ауылдық округ әкіміне Дербісек елді мекеніндегі елді мекен шегіне енген 70 га жер танабының инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған соң, заң талаптарына сәйкес кезектегі азаматтарға жер учаскелерін табыстау жұмыстарын бастауды тапсырды.