Сайрамда «АЛТЫН КҮЗ-2023» мерекесі тойлануда

Бүгін ауданда Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде дәстүрлі «Алтын күз-2023» ауылшаруашылық еңбеккерлерінің мерекесі атап өтілді. Аталған шара Мәртөбе алаңындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алды. Онда әр ауыл округтерінен шаруалар мен дихандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ асыл тұқымды төрт түлік өсірушілердің көрмесі де ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Арман Сәбитов ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында елеулі үлес қосқан сайрамдықтарды құттықтап, марапаттады.

– Бүгін ауданымызда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2023» мерекесі атап өтілуде. Атаулы мерекеге ағымдағы жылы аудан еңбеккерлері үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 103,2 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,8%-ын құрап, бірінші орында. Шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда  8,1 млрд.теңгеге артқан. Құрметті ауыл шаруашылық еңбеккерлері!

Ағымдағы жылғы ауыл шаруашылығы саласының  жетістіктеріне осы мерекеге қатысып отырған аудан еңбеккерлерінің үлесі зор деп есептеймін. Сіздердің көп жылдық еңбек тәжірибелеріңіздің болашақ ұрпақтарды еңбекке баулудағы рөлі орасан және алдағы уақытта Сіздердің қолдауларыңызбен толағай жетістіктерге  жететіндігімізге сеніміміз мол.

Бұл күні ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған, сапалы өнім өндіру, өнім көлемі, қайта өңдеу, жобаны іске асыру жағынан жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік ауылдық округтері, сондай-ақ озат атанған шаруалар, кәсіпкерлер, сала мамандары марапатқа ие болды.

Айта кетсек, ауданның ауылшаруашылығы саласындағы кез-келген жетістік бұл, шаруалардың, дихандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән-билерімен көпшілікті өздеріне тәнті етті.

ПІКІР ЖАЗУ