Сайрам: әкім орынбасары аудан имамдарымен кездесті

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Аңсар Өсербаев «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай Орталық мешітте аудан имамдарымен кездесті. Діни қызметкерлер жергілікті атқарушы орган басшыларына өзекті сауалдарын қойды және аудан аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Ы.Иманалиев мешітінде болған іс-шараға 50-ге жуық имам және ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.

Жиында ауданның бас имамы Оспанов Арыстан Оразәліұлы бүгінгі кездесудің маңызына тоқталды.

– Еліміз аман, жұртымын тыныш болсын! Қазір өздеріңіз білесіздер әлемде түрлі соғыстар орын алып жатыр. Осындай қиын сәттерде ауызбіршілік пен тұрақтылықтың құндылығын түсінесің. Жалпы басшылар елдің ынтымағына, тыныштығына жұмыс істегені абзал.Естеріңізде болса Ратбек қажының бір сөзі бар «Имам – ол көпір. Оның үстінен адам да өтеді,жануар да өтеді. Сабыр етіп елдің ортасында көпір болып қызмет етуіміз қажет», -деп айтқан.

Мұндай кездесулердің маңызы зор. Көп жағдайларда елімізде діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында, еліміздің тұрақты дамуында мешіт имамдарының ықпалы өте жоғары. Сондықтан осындай жиындар қоғамның тұрақтылығын сақтауға оң ықпал етеді

Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары А.Өсербаев мешіттердің аудан өмірінің тұрақтылығына, қоғамның тыныштығына қосып жатқан үлестері мен мешіт қызметкерлерінің үнемі жамағатқа отансүйгіштік пен бейбітшілікті қадірлеуге бағытталған уағыз-насихаттарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудандағы имамдарды мерекесімен құттықтады: «Ең алдымен өздеріңізді 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекелеріңіз құтты болсын! Мешіттерде жүргізілетін уағыз – насихат жұмыстары барысында мемлекеттің саясатын, ауданда атқарылып жатқан оңды істер мен орын алған жағдайларды хабарландыру, олардың алдын алу бағытында жұмыстарына мешіт имамдарының белсене қатысқаны орынды деп білемін», – деп айтты аудан әкімінің орынбасары.

 

ПІКІР ЖАЗУ