Садықбек Адамбеков атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті
Арыста тағы бір әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сырдария елді мекенінде С.Адамбеков атындағы саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен белгілі қоғам қайраткері, әдебиет жанашыры, жазушы-сыншы Құлбек Ергөбек, С.Адамбековтің туыстары және жергілікті тұрғындар қатысты,-деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан саябақ жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қайта құрылымдаудан өтіп, заманауи талапқа сай халық серуендейтін орталыққа айналды.
“Мұндай нысанның ашылуы біздің қоғамның мәдениетін көтеріп, таным-түсінігін тереңдетеді. Адамбеков атындағы саябаққа келген азаматтарымыз оның кім болғанын білумен қатар, саламатты өмір салтын ұстанса, жастарымыз Садықбек атамыздың туындыларынан тәлім алады деп сенемін. Біз осылайша, Арыс топырағынан шыққан тау тұлғаларымызды ұрпаққа үлгі, өнеге етіп келеміз. Осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандардың барлығына да шексіз ризашылығымды білдіремін”,- деді Гүлжан Мамытқызы.
Салтанатты шара аясында саябақта Садықбек Адамбековтің еңселі ескерткіш-бюсті ашылды. Жергілікті мүсінші Әбутәліп Күздеубаев қолынан шыққан туындының тұғыры 3, ал мүсін биіктігі 1,5 метр. Жиынға арнайы келген зиялы қауым өкілдері мен қонақтар сатирик жазушының өнегелі өмірін еске алып, еңбегінен насихат айтты.
“Садықбек Адамбековтің 100 жылдығын атап өту шарасы оның туған топырағынан бастау алды. Сәтін салса, мұндай шаралар легі облыстық, республикалық, тіпті халықаралық ауқымда аталып өтуі тиіс. Себебі, Адамбеков қазаққа ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға. Мен жерлестерімді осындай дәуір жаңғыратын сәттің басталуымен шын жүректен құттықтаймын”,- деді белгілі әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек. Аумағы атшаптырым демалыс орнында жергілікті климатқа бейімделген үйеңкі мен талшын, шаған мен алма сынды ағаштар отырғызылды.
Сондай-ақ, мұнда жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына мейлінше қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырма астына үш жұп шахмат тақтасының қойылуы мұнда уақыт өткізудің мән-мазмұнын аша түсетіндей. Ал жасыл желекпен көмкеріліп, жарықшамдардың орнатылуы саябақтың ажарын арттырып, көз сүйсіндіреді.
Айта кетейік, есімі ел есінде қалып, құрметтелуі тиіс тұлғалардың бірі сатира сардары – Садықбек Адамбеков. 1922 жылы 15 қарашада Арыс атырабында дүниеге келген ол оралымды сатирасымен оқырман қауымды өзіне қаратты. Саналы ғұмырын қазақ сатирасының дамуына жұмсаған Садықбек Адамбековтің есімі есімі ел ішінде ұлықталып, осылайша жерлестерінің мақтанышына айналды.