Сабақта телефон қолданған оқушы үшін ата-анасы айыппұл төлейді

Сенат кулуарында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мектеп оқушыларының сабақ үстінде телефон пайдалануына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, “Білім туралы” заңда оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Бұл норма заңмен бекітілген және оны бұзған жағдайда ата-аналарға әкімшілік жауапкершілік көзделеді.
Жалпы, заңда сабақ үстінде телефон қолдануға болмайтыны нақты көрсетілген. Егер мұндай жағдайлар тіркелсе, ата-аналарға айыппұл салу қарастырылған. Бұл мәселе заңнамада толық қамтылған, – деді Майра Мелдебекова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында мұндай заң бұзушылықтар тіркелмеген. Дегенмен, егер тәртіп бұзу фактілері анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы бойынша шара қолданылады.
Егер бірінші рет анықталса, ескерту беріледі. Ал қайталанған жағдайда ата-аналарға әкімшілік айыппұл салынады, – деп түсіндірді вице-министр.
Айыппұл көлемі 5 АЕК-ке дейін, яғни 18 460 теңгеге дейін.




