Робот, әуе шары, рекорд: Биылғы Наурыз несімен есте қалды?

Қазақстанның әр өңірінде Наурыз мейрамы өзіндік ерекшеліктерімен және салт-дәстүрлерімен атап өтілді. Биыл мереке онкүндік “Наурызнама” форматында ұйымдастырылып, әр күнге арнайы тақырыптар мен іс-шаралар арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ендеше қазақ халқы мейрамды қалай тойлағанына шолу жасап көрейік.

Астана қаласы

Елордада Наурыз мейрамы он күн бойы мерекеленді. 21-22 наурыз күндері қаланың аудандарында мерекелік концерттер мен интерактивті шаралар өтті. “Қазақ елі” монументі жанындағы алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі және мерекелік сауда өткізілді. Екі күнге созылған сайыстарға 8500-ге жуық адам қатысып, арқан тартыс, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, қошқар көтеру сияқты ұлттық ойындарда бақ сынады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ ЭКСПО алаңында құрылған этноауылға да Наурызды тойлауға келген елордалықтар мен қонақтардың қарасы көп болды. Одан бөлек, ЭКСПО халықаралық көрме орталығында да көрме өтті. Ол жерден қонақтар ұлттық киімдер мен ұлттық тағамдарды сатып алуға мүмкіндік алды. Ал балалар алтыбақан теуіп, асық атты.

Алматы

Алматыда Наурыз мейрамы ауқымды түрде тойланды.  Алматы көктемгі салтанаттың астанасына айналды, ал мерекенің орталық аренасы Астана алаңы болды, онда таңертеңнен бастап қуаныш пен бірлік ауаны кең қанат жайды.

Алматыда Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде гуманоидты роботтар қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады. Дәстүрлі тақия мен шапан киген роботтар еркін серуендеп, балалар мен ересектердің қызығушылығын тудырды.

Қала тұрғындары роботтармен естелік суретке түсіп, билеп, амандасып, видеоға түсіруде. Сонымен қатар, көшеде ескі пластиктен жасалған стационарлық роботтар да қойылған. Фотозоналар мен арт-нысандар орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шымкент

Шымкентте Наурыз мейрамы Астана алаңында “Наурызнама” атты музыкалық-театрландырылған мерекелік қойылымымен басталып, көптеген іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертті тамашалады.

Астана алаңында мереке аясында мәдениетіміздің асыл қазынасына айналған киіз үйлер тігіліп, этноауыл жасақталды. Мәдениетіміздің асыл қазынасы саналатын ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихымызды дәріптейтін көрмелер қойылды. Көктемнің шуақты мерекесінде әуе шарлары көкке көтеріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлады. 

Мерекелік думан барысында ертегі әлемінің кейіпкерлері мен Шымкент цирк әртістері таңғажайып қойылымдар көрсетіп, ұлттық спорт ойындарының сайыстары өтті. Сондай-ақ Наурыз мерекесіне орай ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.


Алматы облысы Наурыз мейрамын ерекше марафон форматында, он күн бойы атап өтті. Әр күннің өзіндік тақырыбы мен мазмұны болды. Облыс бойынша 368 мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, барлық аудандарды қамтыды. Мерекенің негізгі тойланатын үш басты орны анықталды: Орталық алаңда 25 қазақы киіз үй тігіліп, қонақтар ұлттық салт-дәстүрлермен танысты; Қонаев көшесінде қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмесі өтті.

Түркістан облысында Наурыз мейрамы халықаралық деңгейде атап өтілді. “Наурызнама” онкүндігі аясында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

21-22 наурыз күндері “Этноауыл” кешенінде өткен “KONE TURKI DASTURI” этнофестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Іс-шара аясында қазақтың ұлттық дәстүрлері кеңінен насихатталып, театрландырылған қойылымдар, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, дәстүрлі ойындар мен этно-фотозоналар көпшілік назарына ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында 14 наурызда басталатын “Көрісу күні” немесе “Амал мерекесі” ерекше атап өтілді. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілеп, реніштерін кешіріп, татулық пен бірлікті нығайтады.
22 наурыз күні оралдықтар мерекені ерекше атап өтті.

Абай облысы

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы биыл кең көлемде және ерекше форматта атап өтілді.

Той-думан тек 22 наурызбен шектелмей, мерекені ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру мақсатында Мемлекет басшысы 2024 жылы бекіткен “Наурызнама” тұжырымдамасына сәйкес Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Бұл күндері өңірде ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, мәдени, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар өткізілді.

Облыс орталығы — Семей қаласындағы Наурыз мейрамының шаралар легі орталық алаңда “Құтты болсын, әз Наурыз!” театрландырылған қойылымымен басталды. Театрландырылған қойылым барысында “селт еткізер”, “ат тергеу”, “көрісу”, “аластау” рәсімдері халық назарына ұсынылды.

Шығыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы аясында табиғатты қорғау және көгалдандыру акциялары өткізілді. Ағаш отырғызу, тазалық шаралары ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті насихаттауға ерекше көңіл бөлінді.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысында жаңару мен жаңғырудың бастауы – Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Бұл күні Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өткен “Құс қанатындағы Наурыз” атты мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Көрермендерге ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, салт-дәстүрді дәріптейтін, қазақы болмысты айшықтайтын театрландырылған қойылым ұсынылды.

Елімізге және өңірімізге белгілі өнерпаздардың әсем әні, көздің жауын алар биі, күмбірлеткен күйі де сахнаның ажарын ашты. Сонымен бірге Қ. Рысқұлбеков саябағына дейін ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Ұлттық тағамдар әзірленіп, тұрғындар наурыз көжеден дәм татты. Бұдан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен тартысты бәсеке өтті. Сайысқа қатысушылар өздерінің шеберліктері мен күш-жігерін көрсете білді.


Қарағанды облысында спорттық жарыстар мен ұлттық ойындар өткізіліп, жастар мен ересектер арасында жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қайырымдылық шаралары өткізіліп, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді.

Маңғыстау облысы

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Ақтау қаласында қазақтың ұлттық киімін киген 5000 адам жиналып, “Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы” номинациясы бойынша Гиннес рекордын орнатты.

“Best Fest Nauryz” атауымен өткен шараға 5500-ден астам адам тіркеліп, қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты. Олардың қатарында түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, қариялар, сондай-ақ өңірдің шалғай ауылдары мен еліміздің өзге облыс, қалаларынан арнайы келген тұрғындар да бар.

Рекорд орнату рәсімі Каспий жағалауында өтті. Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде, қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды.

Осылайша, қазақтың ұлттық киімі Гиннес рекордтар кітабына енді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл тарихи оқиғаның ұлтымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызын атап өтіп, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысы Наурыз мейрамын кеңінен атап өтті. 10 күндік Наурызнаманың негізгі шарасы – облыс орталығындағы басты алаңда өтті.
 СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов басты алаңда солтүстікқазақстандықтарды жыл басымен құттықтап, бақ-береке, молшылық пен бірлік тіледі. Ұлттық мереке тақырыптық киіз үйлермен безендірілді, онда тұрғындар мен қонақтар қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетімен таныса алды.

“Көшпенділер әлемі” этноауылында көшпелі халықтың мәдениеті мен тұрмысы таныстырылды. Балалар үшін интерактивті алаң мен ұлттық ойындарға арналған спорттық алаң ұйымдастырылды.

Тәуелсіздік стеласының маңындағы киіз үй облыс колледждеріне арналып, олар өз жетістіктері мен технологияларын, сондай-ақ “Еңбек мамандықтары жылы” аясында білікті мамандарды даярлау туралы айтты.

ПІКІР ЖАЗУ