Республика күні: Келесте ту тұғыр орнатылды

Келес ауданының орталығы Абай ауылында биіктігі 12 метрлік Ту тұғыр орнатылды. Шарада ең алдымен Мемлекеттік Әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді. Республика күні өткен салтанатты жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, жиналған қауымды Республика күінмен құттықтады.

– Қадірменді, жерлестер! Барлықтарыңызды елдігіміздің нышаны болып қайта жаңғырған Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Осындай нысандар ел игілігіне қызмет етсін. Ауданымызда соңғы жылдары ілкімді істер атқарылуда. Тұрғындарымызды қолайлы инфрақұрылыммен қамту шаралары, футбол алаңдары мен мәдениет нысандарының қатары артып келеді. Осы сынды жобалар келешекте де іске аса бермек. Көк байрағымыз биікте мәңгі желбірей берсін, – деді аудан басшысы.

Шара барысында Келес ауданының төбе биі Өмірзақ Өтенов сөз сөйлеп, орнатылған Ту тұғыр жайында өз пікірімен бөлісті. Жастарды патриоттық рухта тәрбилеу жолында бұл нысанның алар орны ерекше екенін сөзге тиек етіп, баршаны мерекемен құттықтады.

ПІКІР ЖАЗУ