Ресейлік сарапшы еліміздің бір палаталы Парламент болуының артықшылығын түсіндірді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің алдағы даму стратегиясын, маңызды реформалар мен бастамаларды жариялады. Бұл Жолдауда саяси жүйені ықшам әрі тиімді ету, цифрлық технологияларды дамыту, жасанды интеллектті енгізу, энергетика мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ресейлік Экономика ғылымдарының докторы, Еуропа зерттеулері кафедрасының профессоры Станислав Ткаченко өз пікірін айтып, Жолдауда көтерілген бастамалардың елдің экономикалық дамуына, саяси жүйесіне және әлеуметтік салаларына әсерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жолдауда Қазақстанның саяси жүйесін ықшам әрі тиімді ету бастамалары айтылды. Оның ішінде бір палаталы Парламент құру идеясы бар. Сарапшы “Сіздің ойыңызша, мұндай реформалар елдің экономикалық дамуы мен инвестициялық ахуалына қалай әсер етеді?” деген сауалға жауап беріп, ойымен бөлісті.
Сөзінше, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жаңа парламенттік реформалар кезеңі басталатыны жөніндегі мәлімдемесі – елдің саяси жүйесін қалыптастырудағы жаңа белес. Сенатты тарату және қос палаталы Парламенттен бір палаталыға көшу – заң шығарушы және өкілді билік институттарының жүйесін қайта құруға бағытталған маңызды қадамдар.
1995 жылы екі палаталы Парламентке көшу елдің өңіраралық байланыстарын нығайтуға және егемендігін енді жариялаған Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі саяси әрі экономикалық элиталарды біртұтас мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған еді. Бүгінде бұл міндет орындалды деуге болады. Қазірдің өзінде облыстар мен ірі қалалардың өзара іс-қимылы күнделікті негізде қамтамасыз етіліп отыр, сондықтан оларды Парламенттегі аймақтық өкілдік арқылы саяси тұрғыдан қосымша күшейтудің қажеттілігі жоқ, – деді Станислав Ткаченко.
Ресейлік сарапшы атап өткендей, бір палаталы Парламент енгізілгенде бұл институттың ел өміріндегі рөлі арта түседі. Оның үстіне депутаттарды тек партиялық тізімдер арқылы сайлау туралы шешім партиялық құрылыстың дамуына жаңа серпін береді, саяси партиялардың ел өміріндегі ықпалын ұлттық та, өңірлік те деңгейде арттырады.
Бұл бастаманың табысты жүзеге асуының маңызды шарты – оның қажеттілігі мен нақты іске асырылу формалары жөнінде ұлттық деңгейде ашық талқылау жүргізу. Мұндай пікірталасқа қазіргі қос палатаның депутаттары, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, азаматтық қоғам құрылымдары және жекелеген азаматтар қатысуы тиіс. Бұл бүкіл парламенттік реформамен байланысты саяси үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді және қабылданған шешімдердің Қазақстан халқының кең қолдауына ие болуына ықпал етеді, – деп сөзін түйіндеді ол.