QAMQOR тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды қалай іріктейді?

Бүгін Шымкентте «Қамқор» аймақтық тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды.  Бастапқы жарнасы 10%-дық ипотекалық бағдарламаға қатысушылар нені білуі керек?

Ерлан Бексейітов — Шымкент қаласының тұрғыны. Телеарнада телеоператор боп жұмыс істеп жатқанына 10 жылдан асты. Жұмысы журналистика саласында болған соң “Qamqor” бағдарламасының талабына сай келеді. Сондықтан құжат тапсырып, баспаналы болудан үмітті.

Ерлан Бексейітов, Шымкент қаласының тұрғыны: “Қазір құжат тапсырып жатырмын. Бұл бағдарлама талабы бойынша 3 жылдан астам уақыт қалада тіркеуде тұруы, кемі 12 ай бір орында еңбек өтілі болу керек екен. Мұның бәрі бар. Менің  атымда  соңғы 5 жылда үй жоқ. Енді баспаналы болып кетсем деген үмітім бар».

“Qamqor” бағдарламасына журналистика, денсаулық, білім, мәдениет, спорт, энергетика, халыққа қызмет көрсету саласының мамандары және Шымкент қаласы әкімдігінде қызмет ететін үй кезегінде тұрған қызметкерлер қатыса алады. Жеңімпаздар баллдық жүйе арқылы анықталады.

Еркін Ахыншаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласындағы өңірлік филиалы басшысының орынбасары: “Отбасы банк» сайтында 25 қыркүйектен кейін бәрін іріктейміз. Ол жерде балдық система қойылады. 35 жасқа дейінгі қатысушыларға 5 балл қосылады. Жұмыс орнынан 1 жылдан астам істегендерге 5 балл қосылады. Кейінгі жылдарға бір балдан тағы қосылады. Отбасы құрған болса 5 балл беріледі. Әр балаға 2 балдан қосылады. Мемлекетте үйге мұқтаж болып кезекте тұрған болса, 10 балл қосылады. Біздің банкте 500 мың теңген астам ақшасы болса, оған да 2 балл қосылады. Шымкентте 3 жылдан артық тіркелген болса әр жылына 1 балл беріледі».

Биыл “Qamqor” бағдарламасы арқылы 150-ге жуық тұрғын үй беріледі. Қатысушыларға 20 миллион теңгеге дейін заем беру көзделген. Құжат қабылдау 25 қыркүйекте аяқталады. Нәтижесін қатысушылар арнайы код арқылы бақылап отырады.

Еркін Ахыншаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласындағы өңірлік филиалы басшысының орынбасары: «Құжатты кім бірінші өткізді, кім кеш өткізді дегенге қарамаймыз. 15 тамыз бен 25 қыркүйекке дейін өтінімнің бәрі қабылданады. Балдық есептегішпен бірінші 150 адамды іріктейміз. Оларға  смс жіберіледі. Тізім бойынша өткен өтеді. Өтпегендерді төмендегі тізімнен көтере береміз. Қатысқан адамдарға код беріледі. Сол код бойынша бақылап отырады. Қай орында, қалай келе жатқанын көре алады».

Qamqor бағдарламасына өтініш қабылдау 25-қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарлама туралы толығырақ білгіңіз келсе, “Отырар ТV” телеарнасының тікелей эфирде шығатын “Халық&Билік” бағдарламасының 14-тамыздағы шығарылымын қараңыз. “Отбасы банк” өкілі студияға келіп, сұрақтарға жауап берді. Эфирдің жазбасын YouTube-тағы Otyrar арнасынан көре аласыз.

ПІКІР ЖАЗУ