Bainews.kz ақпараттық-сараптамалық сайты
ЖаңалықтарСаясат

Президент: Транскаспий көлік бағдары көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді

 Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды.

Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Осы коммерциялық келісімдер экономикалық байланысты нығайтуға жол ашады. Біз көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аудардық. Әсіресе Си Цзиньпин мырзаның Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық, — деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, былтыр теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 22%-ға артып, 28 млн тоннаға жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ляньюньган-Қорғас-Шығыс қатынасты және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артқанын атап өтті.

Қазіргі таңда Аягөз бағыты үшінші трансшекаралық теміржол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу іс-шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрылығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, — деп қосты Тоқаев Ақордада жасаған бірлескен мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді.

Сәйкес жаңалықтар

Тоқаев Лиссабондағы апатқа байланысты Португалия Президентіне көңіл айтты

admin

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін жер үйлердің бағасы күрт көтерілді

admin

Түркістан облысында биыл 1000 шақырымнан астам жолға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі

admin