Президент тапсырмасын орындауы: 511 медициналық нысан салынды

Президенттің тапсырмаларына сәйкес елімізде медициналық инфрақұрылымды жаңартуға және емдеудің заманауи технологияларын енгізуге бағытталған “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Елімізде әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен қатар қоятын бірегей операциялар жасалуда. Жүрек пен өкпені трансплантациялау, сондай-ақ бүйректің үшжақты айқаспалы трансплантациясы сияқты аса күрделі операциялар жасалады. Қазақстан осындай операциялар орындалатын әлемдегі алты елдің қатарына кіреді.
Ми ауруларын емдеуде “Гамма-пышақ” технологиясы қолданылса, онкологиялық дерттерге қарсы заманауи протондық терапия енгізілуде.
Инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 нысанның 511-і салынды.
Бұл нысандар бұрын медициналық объектілермен қамтылмаған ауылдарда, сондай-ақ ескірген және бейімделмеген үй-жайлардың орнына салынуда. Бұл орталықтар 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтиды, — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
36 облыстық аурухана мен 17 перинаталдық орталыққа жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Балалар бөлімшелеріндегі төсек-орын қоры 38%-ға ұлғайды. Шамамен 2,1 мың бірлік медициналық жабдық сатып алынып, соның нәтижесінде жарақтандыру деңгейі 86%-ға (62%-дан) дейін өсті.