Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша кездесу өткізді

Түркістан облысы Полиция департаменті Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жамила Нұржігітова, полиция аға лейтенанты Гүлбану Ділдабековалар Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Басқосудың мақсаты-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғам болып қарсы тұру, профилактикалық шараларды жандандырып, отбасы татулығын нығайтуға күш салу. Осы бағытта тәртіп сақшылары атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
Яғни құқық бұзушылыққа бейім тұлғаларға қорғау нұсқамаларын шығарып, ерекше талаптар белгілеп, бақылау күшейтілгені жеткізілді. Халыққа арналған ақпараттық-насихат жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ жеке қабылдауға келген азаматтарға құқықтық кеңестер берілді.
Жалпы бұл жиын облыс аумағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу, отбасындағы тыныштық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында өткізілген «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының бір бөлігін қамтиды.