Полиция Түркістанда қауіпсіздік шараларын түсіндірді
Полиция Түркістан облысында көпқабатты үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараға ерікті жастар да атсалысты. Бұл жолы тәртіп сақшылары түсіндіру жұмысын Отырар мөлтек ауданынан бастады. Көпқабатты үйдің тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертіп, үйді-үйді аралап, ата-аналармен кездесті.
– Полиция департаментінен боламыз. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көпқабатты үйлерде жасөспірімдердің терезеден құлау фактісі бойынша, рұқсат па кірсек? Біз кірген пәтерлердің барлығында темір тор болмады. Кейбірі терезе ашылмас үшін арнайы қорғау құралдары мен шіркей торын ғана орнатқан болса, көбінің терезесінде ештеңе жоқ.
Облыстық полиция департаменті ұйымдастырған шараға ерікті жастар мен бірге Отырар мөлтек ауданы ақсақалдар алқасының мүшелері де атсалысты.
Нәлтай Бегімов, Отырар мөлтек ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Қазір жаз мезгілінде балалар қанша дегенмен балконға шығып, терезеге қарап тұрады. Ата-аналардың барлығына ескерту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Балаларыңызды қарап жүріңіздер. Терезенің алдында тұрмасын, балконға шыққанда да сақ болыңыздар» деп. Терезені ашып қарап отырады балалар. Балалар үйде жалғыз қалғанда решётка қойып қойса, жақсы болар еді.
Ал 10 жасар Асылбек терезеге шығудың қауіпті екенін жақсы біледі. Себебі оған үйінде ата-анасы үнемі айтып отырады екен. Асылбек Аян, 10 жаста:
– Әке-шешеміз бізді қадағалап, «терезенің алдына шықпаңдар, құлап кетесіңдер» деп бізге айтады. Өйткені біз теледидардан да, полициядан да естіп жатырмыз, терезенің алдына шыққан кезде абайсызда құлап кетуі мүмкін. Оны мен мысал ретінде айтып, іні-қарындастарымды терезенің алдына шығармауға тырысамын.
Тәртіп сақшылары өткен жылы Түркістан облысында қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан терезеден 3 баланың құлап кеткен. Биыл түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде оқыс жағдай мүлде тіркелмеді.
Бегімхан Ахметов, облыстық ПД жергілікті полиция басқармасы басшысының м.а.:
– Қайғылы жағдай болмас үшін полиция қызметкерлері халыққа барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қызметтік автокөліктің дауыс зорайтқышынан аудио хабарламаларды тұрғындарға естіртіп, профилактикалық шараны жүргізудеміз.