Полиция студенттерге семинар ұйымдастырды

Түркістан облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде маңызды шара өтті. «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыбында өткен семинарға оқу орнының «Жастар саясаты» департаменті қызметкерлері мен студенттер қатысты. Сондай-ақ жастармен кездесуге арнайы спикерлер келіп, өзіндік ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Семинар барысында Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қуанышбай Жұмаділдаев сөз алып, жастарға террористік және экстремистік көріністерге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірі – профилактика екенін жеткізді. Полициямен атқарылған жұмыстар таныстырылып, жастарды қарапайым қауіпсіздік шараларын үнемі ұстануға шақырды.

Сондай-ақ көрінеу жалған хабарламалар берудің соңы заң аясында жауапқа тартумен аяқталатынын ұғындырды.

Кездесу соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ