Полиция мас жүргізушіні анықтап, жол көлік оқиғасының алдын алды
Түркістан қаласының полициясы жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп тұрады.
Түнгі уақытта қала көшелерін патрульдеу кезінде полицейлер, күдік туғызған “NISSAN QASHQAI“ маркалы автокөлігін тоқтатты. Автокөлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында оның мас халде және құжатсыз екендігін анықтады. Белгілі болғандай 39 жастағы жүргізуші бұдан алдын Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен мас күйде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған.
Бұл жолы да осы құқық бұзушылығын қайталаған жүргізушіге қатысты іс қозғалып, соттың қаулысына сәйкес 15 тәулікке қамауға алынды. Алдағы уақытта жинақталған материалдар сотқа жолданатын болады.
Түркістан полициясы жүргізушілер мен тұрғындардан жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі рульге мас күйде отыру салдарынан болатынын, сондықтан заңға бағынып, көлікті мас халде тізгіндемеуді ескертеді! Мас жүргізуші – қылмыскер!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі